“АУЫЛ SPARK - ИДЕЯЛАР ТОҒЫСЫ” КОНКУРСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫМЕН ІС-ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

“Үкіметтік емес ұйым қызметіндегі тәжірибелер: идеядан нәтижеге дейін”. Осындай атаумен Исатай ауданында ҮЕҰ өкілдері мен волонтерлер “Ауыл Spark - идеялар тоғысы” конкурсының жеңімпазымен кездесті. Жиын барысында байқау жеңімпазы, «Алтын Тұғыр» қоғамдық қорының жетекшісі Арайлым Қалиева іс-тәжірибесімен бөлісті.

Арайлым Қалиева байқау аясында Астана қаласындағы үкіметтік емес ұйымдар және қор жұмыстарымен танысып, тәжірибе алмасқан болатын. Елордадан алған тәжірибесін ол аудандағы ҮЕҰ өкілдерімен бөлісіп, ауылдық жерлердегі ұйымдарға берілетін мүмкіндіктер, гранттық қолдау, ұйым жұмысын жүйелеу және азаматтық бастамаларды дамыту жолдары туралы құнды ақпараттар ұсынып, пікір алмасты.

Айта кетейік, Азаматтық орталықтың бастамасымен өткен “Ауыл Spark - идеялар тоғысы” байқауы аясында 5 үкіметтік емес ұйымның жобасы үздік атанып, Астана және Алматы қаласына іс-тәжірибе алмасуға жолдама алған болатын.