
Атырау облысында үш жасқа дейінгі балаларға арналған ерте оңалту жобасы өз жұмысын жалғастыруда. Жоба «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «БолашақК» қоғамдық қоры арқылы жүзеге асырылуда.
Бұл бастама 2023 жылы қолға алынған. Бүгінгі күні көмек алатын балалардың саны ай сайын артып келеді. 2025 жылдың сәуір және шілде айларында мамандар Құлсары қаласында 160-тан астам балаға тегін кеңес беріп, тексеру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың төрт айында «БолашақК» оңалту орталығында 66 бала оңалту бағдарламасынан өтті. Бұл бағдарлама массаж, емдік дене шынықтыру, бейімделген дене тәрбиесі, логопедиялық және психологиялық қолдау қызметтерін қамтиды. Жоба педагогтермен де бірлесе жүзеге асырылуда. Осы ретте, сәуір айында Атырау және Құлсары қаласында балабақша қызметкерлеріне арналған оқыту семинарлары өтті.
Ерте диагностика – баланың дамуын дер кезінде түзетуге мүмкіндік беретін жоба екенін айтқан қор жетекшісі, реабилитолог дәрігер Жібек Бисенова «Ерте оңалту» жобасы – баланың сөйлеуді бастауына, нық тұруына, ата-анасының көзіне қарауына және қоршаған ортаны қызығушылықпен танып-білуіне мүмкіндік беретін жоба екенін жеткізді.