
Адамзат баласының ғұмыры қысқа болғанымен, артында өнегелі істер қалдырып, белгілі бір саланы мықты меңгеріп, өзі өмірден өтсе де, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтары мен жанына жақын тарта білетін жылылығы естен кетпейтін адамдар бар. Сондай келбетімен өмірде есте қалатын тұлғаның бірі қоғам белсендісі, әлеуметтік кәсіпкер Нұғманова Арайлым Бағытжанқызы.
Атырау облысындағы азаматтық бастамаларды іске асырып, үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін дамытуға өз үлесін қосқан белсенділер аз емес. Бірақ Арайлым Бағытжанқызы солардың арасында есімімен ерекшеленіп, болмысымен бөлініп, жайдары, жаймашуақ мінезімен және еңбекқорлығымен көрінетін.
Арайлым Бағытжанқызы негізін қалаған «Инклюзия Болашақ Атырау» қоғамдық бірлестігі 2018 жылдан бері тұрақты түрде қызмет атқарып келеді. Бірлестіктің негізгі мақсаты облыстағы ерекше балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу.
Арайлымның тынымсыз ізденісі арқылы 2019 жылы «Зейін Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығы құрылды. Орталық сөйлеу дамуының кешігуі, аутизм, сал ауруы, сондай-ақ даун синдромы бар балаларға кешенді қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, облыс аумағы бойынша орта білім беретін мектептерінде 10 инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерін ашты.
Бүгінде Арайлым негізін қалаған «Зейін Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығына 5 жыл толды. Орталық жобаларының нәтижесінде 4000-ға жуық ерекше балалар қоғамға бейімделді. Қазіргі уақытта 100-ге жуық бала орталықтың мамандарымен жұмыс жасап, кешенді дамыту сабақтары бойынша өздерінің білім дағдыларын қалыптастыруда. Орталықтың дамыту жұмыстарына қатысқан 200 бала мектеп табалдырығын аттаса, 100-ден аса бала балабақшаға барды. Ал, 50-ге жуық ерекше балалардан оң нәтижеге шықты.
Халқымызда «Жақсының аты, ғалымның хаты» өлмейді деген қанатты сөз бар. Нұғманова Арайлым Бағытжанқызының ерекше балалар үшін атқарған еңбегі осының айқын дәлелі. Арайлымның облысымыз үшін әлеуметтік мәселені шешуге қосқан үлесі ешқашан ұмытылмайды.