
«Мейірімді жан» қоғамдық қоры «QOLDAY» жобасы аясында сән көрсетіліміне дайындық жұмыстарын бастады. Бұл игі бастамаға 7 жастан 14 жасқа дейінгі Даун синдромына шалдыққан балалар қатысуда. Олар екі топқа бөлініп, кәсіби репетиторлардың көмегімен сахналық қимыл-қозғалыстарды үйренуде.
Балалардың ынта-жігері ерекше, әр қимылды қызығушылықпен қайталап, сән әлеміне алғаш қадам басуда. Ал ата-аналар үшін бұл шексіз қуаныш. Көп уақыты үйде өткен балалардың сахнаға шығып, өз өнерін көпшілікке көрсету мүмкіндігі әрбір ата-ананың жүрегіне үміт пен мақтаныш сезімін ұялатып отыр. Кейбір ата-аналар көз жасына ерік беріп, «Біздің балаларымыздың да арманы бар, олардың да сахнаға шығуға, көрінуге, жарқырауға құқығы бар» деп қуаныштарын жасыра алмауда. Бұл жобаға қала тұрғындарымен қатар Жылыой ауданынан да ата-аналар арнайы келіп қатысып жатыр.
Бұл жоба балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өздерін еркін көрсетуге, құрдастарымен араласуына мүмкіндік беретін ортаны қалыптастыру – олардың толыққанды өмір сүруіне, болашақта өзін қоғам мүшесі ретінде сезінуіне жол ашады.
Жоба нәтижесінде ерекше балалар сәнді көйлектер киіп, сахна төрінде өздерінің қайталанбас сән көрсетілімін ұсынатын болады. Бұл күн балалардың да, ата-аналардың да жүрегінде мәңгі сақталатын ерекше мереке болмақ.