
Ақтөбе қаласында ұлы композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай «Өз елім» ән байқауы өтті. Шараға еліміздің әр аймағынан 100-ге жуық өнерпаз қатысты. Олардың қатарында Атырау өңірінен «Өмір гүлі» Атырау облыстық мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық орталығы» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған «Жігер» этно ансамблі өз бақтарын сынады.
Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығын насихаттау, төл өнерімізді ұлықтау және көркемөнерпаздардың шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында өткен байқауда қатысушылар екі кезең бойынша өз бақтарын сынады.
«Ансамбль» жанры бойынша көрермен қошеметіне бөленген байқаудағы жалғыз ерекше топ «Жігер» этно ансамбльдің әсерлі де шебер орындауы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде, Тыныш Дүйсешқызы мен Асыланбек Төлепбергенұлы жетекшілік еткен ұжым ІІІ дәрежелі лауреат дипломымен марапатталды.
Атырау өңірінің абыройын асқақтатып, жүлдегер атанған қоғамдық бірлестікті шын жүректен құттықтаймыз. Сіздерге шығармашылық табыс тілейміз.