ОНКОЛОГИЯЛЫҚ АУРУҒА ШАЛДЫҚҚАН ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН «ҮМІТ СӘУЛЕСІ» ЖОБАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

«Demeý» облыстық конкурсының жеңімпазы, күміс волонтер Бибігүл Молдағалиева жетекшілік еткен «Үміт сәулесі» жобасының қорытынды шарасы өтті. Науқас жандарды қолдауға бағытталған шараға психологиялық қолдауға мұқтаж әлеуметтік осал топ өкілдері, онкологиялық ауруға шалдыққан 15 адам және қазіргі уақытта ауыр дерттен айыққан 3 адам қатысты.

Азаматтық орталықтың ұйымдастыруымен өткен жоба онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар мен олардың отбасы мүшелеріне рухани қолдау көрсетуді, өмірге деген сенім мен мотивацияны арттыруды мақсат етті. Бірнеше кезеңнен тұратын бастама аясында психолог Бибігүл Серікқалиқызы шығармашылық және психологиялық кездесулер ұйымдастырды.

Қорытынды кештің әсері ерекше болды. Қатысушылар өздерінің алған әсерлерін бөлісіп, жоба барысында өмірге жаңаша көзқарас қалыптасқанын айтты. Кейбірінің денсаулығы жақсарып, бойларында өмірге деген жаңа серпін оянғанғанын жеткізді. Осы ретте, «Үміт сәулесі» жобасы рухани қолдаудың адам өміріндегі маңызын дәлелдейтін жарқын нәтиже болды.