«ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ»

Азаматтық орталықтың ұйымдастыруымен Отбасы күніне орай «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбында тағылымды шара өтті. «Біз таңдаған жол» жобасы аясында "Birgemiz: Sabaqtastyq" бағытында өткен мерекелік жиынға аналар үйінің тұрғындары, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері мен күміс волонтерлер қатысты. 

50-ге жуық адам қатысқан жиында ұлттық болмыс дәріптеліп, қазақтың салт-дәстүрлері жаңғыртылды. Отбасы құндылықтарын жас ұрпаққа жеткізу, ата-ана мен бала арасындағы сыйластықты нығайту мақсатында өткен шарада аналар үйінен келген бүлдіршіндердің тұсауы кесіліп, бесікке салу рәсімі өтті. Балалардың тұсауын елге еңбегі сіңген тұлғалар – Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы әрі өлкетанушы Төлеген Жаңабайұлы мен Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қаламыздың Құрметті азаматы Кеңес Қосыбаев кесті. Ал, бесікке салу рәсімін мемлекеттік қызметтің ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Жәния Ізбасханова өткізді.

«Құрмет» орденінің иегері Кеңес Қосыбаев мұндай ізгі бастамалар халқымыздың ұмытылмас дәстүрін жаңғыртып қана қоймай, жас ұрпақтың жүрегіне отансүйгіштік пен ізгілік дәнін себетінін және ұлттық болмысты жас ұрпақ санасына сіңіретін құндылық екенін айрықша атап өтті.

Тағылымда жиында «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында күміс волонтерлер кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілеріне отбасы құндылықтары жайлы ертегілер оқыды. Сонымен қатар, «Future Pathways Initiative Fund» қоғамдық қорының жетекшісі аналар үйінен келген бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар табыстады. Шара күміс волонтерлердің орталықтағы балалармен бірге кино әлеміне саяхат жасаумен жалғасты.

Игі басқосу ұлттық дәстүрді ұлықтап қана қоймай, отбасы институтының асыл мұратын жас ұрпақ санасына терең сіңірді. Өйткені, отбасы – қоғамның жүрегі, береке-бірліктің бастауы. Қайырымдылық пен мейірімге толы мұндай шаралар балалардың жүрегінде «мен де осы қоғамның бөлшегімін» деген сенім бекемдейді.