Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Қыр баласы қол созады аспанға» жобасының ашылу салтанаты өтті. «Golden Steppe EXPLORERS» қоғамдық қоры жүзеге асырған бастама өңір жастарының шығармашылығын қолдап, туған жердің табиғаты мен мәдениетін дәріптеуге бағытталған.
Жоба аясында суретшілер, қолөнершілер, фотографтар, музыканттар мен бейнеоператорлардан құралған 42 қатысушы Атырау облысының 7 ауданын аралап, шығармашылық экспедицияға қатысты. Нәтижесінде, Атырау өлкесінің сұлулығын бейнелеген 45 туынды көрмеде көпшілік назарына ұсынылды. Суреттерден бөлек, көрермендерге экспедиция барысында түсірілген бейнероликтер көрсетілді.
Көрме қыр баласының өнер арқылы аспанға қол созған арманын, туған жерге деген сүйіспеншілігін бейнелейтін ерекше жобалардың бірі. Сонымен қатар, бұл бастама өңір жастарын қолдаумен қатар, ішкі туризмді дамытуға, Атырау жерінің табиғи әсемдігін танытуға бағытталды.