Үкіметтік емес ұйым өкілдері құрылыс, сәулет және көлік салаларына жауапты органдардың өкілдерімен кездесті. Азаматтық орталықтың ұйымдастырумен өткен жүздесуге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев, облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Нариман Биғали және облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Гүлбаршын Арыстанова қатысты.
Жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, халық арасында туындаған мәселелерді жеткізу және өзекті мәселелерді шешу мақсатында өткен жиынға 20-ға жуық адам қатысты.
Жиын барысында басқарма өкілдері өз саласы бойынша қатысушыларға өңірдегі жасалған жобалар мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыс барысын таныстырды. Сұрақ-жауап форматында өткен жиында ұйым өкілдері қордаланған мәселелерді жауапты мамандарға жеткізіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарды қойды. Сонымен қатар, қала аумағындағы асфальт пен жолаушылар тасымалы, жер мәселесіне қатысты бірқатар пікірлерін айтты.