«ҰЛТТЫҚ ОЙЫН – ҰЛЫ МҰРА»

«Ұлттық ойын – ұлы мұра». Осындай атаумен облыстық кәмелеттік жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығында ұлттық ойындарды үйрету бағытында шеберлік сағаты өтті. Азаматтықтың орталықтың ұйымдастыруымен өткен шараға Қызылқоға ауданынан арнайы келген күміс волонтер Алмас Есенғалиев ұлттық ойындардың маңыздылығына тоқталды.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, балалардың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткен шарада балалар садақ ату, ләңгі тебу сынды дәстүрлі ойын түрлерін үйренді. Онда белсенділік танытқан балалар марапатталып, сыйлықтар табысталды.

Осындай танымдық әрі тәрбиелік мәні бар шаралар өскелең ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруда айрықша маңызға ие екендігін айтқан күміс волонтер Алмас Есенғалиев ұлт тарихын, салт-дәстүр мен мәдени мұраны танып-білу — жас ұрпақтың рухани дамуына негіз болатынын атап өтті. Айта кетейік, алдағы уақытта ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұлттық ойындарды үйрету бойынша шеберлік сағаттары жалғасатын болады.