
Облыстық кәмелеттік жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығында «Әжемнің ертегісі» атты ерекше жоба өтті. Бұл бастама Азаматтық орталықтың ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Шарада "Үздік күміс волонтерлер" конкурсының жеңімпазы Арыстанова Айгүл Жолдасқызының «Қайырымдылық бұрышы» жобасынан кітаптар оқылды. Бүгінгі күні кітап бұрышы балалар үшін жай орын емес – армандар мен қиялға толы шағын әлемге айналды. Осы игі істің жалғасы ретінде «Әжемнің ертегісі» жобасы жарық көрген болатын.
Күміс волонтерлердің қатысуымен өткен жоба балаларға бағытталған рухани, тәрбиелік орта қалыптастыру, ұлттық құндылықтар мен тәрбие дәстүрін ертегі арқылы жеткізу, сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы балалардың қоғаммен байланысын нығайту мақсатын мұрат етті.
Іс-шара кезінде ерікті Армангүл Асқарова ертегіні негізге ала отырып, кейіпкерлердің жақсы қасиеттері бойынша балаларға түсіндіріп, сұрақтар қойды. Сонымен қатар, балалар ертегі желісі бойынша сурет салып, өз ойларымен бөлісті. Бұл олардың шығармашылығын арттырып, еріктілермен жылы қарым-қатынас орнатуға сеп болды.
Шара соңында балаларға естелік сыйлықтар беріліп, тәттілер таратылды. Айта кетейік, бұл жоба Аналар үйі, мамандандырылған балалар үйі, отбасы үлгісіндегі балалар ауылында жалғасын табатын болады.