«АСЫЛ МҰРА» МӘДЕНИ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ
«АСЫЛ МҰРА» МӘДЕНИ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ
 
«Қазақия» қоғамдық қорының бастамасымен және «Теңізшевройл» мекемесінің қолдауымен өңірде «Асыл мұра» жобасы аясында жұмыстар жүргізілуде. Ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы тарихи сананы қалыптастыру және елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыруды мақсат еткен жоба мәдени мұраларды заманауи форматта қайта жаңғыртуды көздейді.
 
2025 жылдың сәуірінен басталған жоба 2026 жылдың ақпанына дейін жүзеге асады. Бұл жоба үш бағыт бойынша өтеді. «Ұлы дала өнері» тақырыбы аясында ата-баба өнерін қайта жаңғыртып, ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйренсе, “Дала мәдениеті” бағытында тарихи және мәдени құндылықтарды танып-білуге арналған экскурсиялар ұйымдастырылмақ. Ал, “Ұрпаққа аманат” салт-дәстүр мектебінде қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын үйретеді.
 
Қазақ киіз үйінің маңызын түсіндіру және оның құру тәсілін насихаттайтын бастаманың тәрбиелік мәні зор екенін айтқан “Қазақия” қоғамдық қорының жетешісі Жанар Төрениязқызы «Асыл мұра» жобасы шығармашылық дамудың және кәсіби қалыптасудың алаңына айналатынын жеткізді.