
Атырау жастарының техникалық дағдыларын дамытуға бағытталған «JasUp» жобасының жаңа кезеңі басталды. 8 маусымда бастау алған жобаның алтыншы легіне қала мен аудандардан 453 бала тіркелді. Жоба «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «ҚазРоботикс» Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясының Атырау облысы бойынша филиалының бастамасымен 2024 жылдан бастап жүзеге асуда.
13 және 24 жас аралығындағы және кез келген жастағы педагогтерге арналған «JasUp» жобасы болашақ инженерлерді, IT-мамандарды және өнертапқыштарды даярлайтын өңірлік орталыққа айналуда. Өткен жылы жоба аясында 6 курс, 44 шеберлік сабағы және 8 байқау ұйымдастырылып, 3000-нан астам адам қамтылған. Ал, 2025 жылдың сәуір–мамыр айларында жоба аясында 16 шеберлік сабағы, 3 облыстық деңгейдегі жарыс және 9 курс өткізіліп, оған мыңға жуық адам қатысты.
2025 жылдың сәуір айында қайта басталған жобада бүгінгі күні курстар саны 10-ға дейін артқан. Атап айтсақ, оқуышылар мұнда «Python» тілінде бағдарламалау, «Arduino» микроконтроллері негізіндегі робототехника, инженерияға кіріспе, «Fusion» және «Blender» бағдарламаларында 2D және 3D модельдеу, «iOS» және «Android» үшін мобильді қосымшаларды әзірлеу, қолданбалы физика мен математика, «STEM» жобаларын жүргізу, Web-әзірлеу, жасанды интеллект бағыттарын қамтитын курстарға қатыса алады. Сонымен қатар, бірнеше тақырыпта шеберлік сабақтары өткізілуде.
«ҚазРоботикс» Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясының Атырау облысы бойынша филиалы директоры Асқар Алдан ең үздік идеялар мен жобалар қала және республикалық деңгейдегі робототехника мен инновация байқауларында ұсынылатынын жеткізді. Айта кетейік, жазғы бағдарлама 31 шілдеге дейін жалғасады.